1936 жылы батпақты бос алаңда, Ақмола станциясы маңындағы барактар арасында жол дистанциясының жұмысшылары, Демченко А.Д. басшылығымен екі қабатты мектеп ғимараты салынды. Бұл оқу орнына №30 нөмірі беріліп, ол 1958 жылға дейін сақталды. Мектептің қала тұрғындары үшін қаншалықты маңызды болғанын осы күнге дейін аға буын өкілдерінің бұл шағын ауданын «отызыншы» деп атауынан байқауға болады.
1958 жылы Қазақ темір жолы құрылғаннан кейін мектепке №63 нөмірі берілді, ал 1977 жылы Целинный темір жолының құрылуына байланысты №107 нөмірі тағайындалды. 1997 жылы мектеп қалалық білім басқармасының қарамағына өткен соң, қазіргі №36 нөмірін алды. 1968 жылы мектепке қосымша ғимарат салынғаннан кейін оның жалпы аумағы екі есеге ұлғайды.
1941 жылы мектептің көптеген мұғалімдері мен түлектері майданға аттанды, олардың аз ғана бөлігі ғана елге оралды. Оқушыларға адамгершілік пен патриоттық тәрбие беруге әрдайым ерекше көңіл бөлінді. Мектептің түлегі, интернационалист жауынгер Каюкин А.А. Ауғанстанда қаза тапқан, оның құрметіне мектептің бірінші қабатында естелік стенд орнатылған. Бүгінгі оқушылар да аталары мен әкелерінің, ағаларының ерлік пен еңбек жолын үлгі етіп тәрбиеленуде.
Ақмола–Целиноград қаласындағы темір жол және жалпы білім беретін мектептер арасында бұл оқу орны білім сапасы мен тәрбиелік деңгейі бойынша үздіктердің қатарында болды. Мектеп шығармашыл, белсенді, мақсатшыл педагогтарымен де танымал болды.
Қала тұрғындары мектепті ұзақ жылдар басқарған директор — КСРО-ның еңбек сіңірген мұғалімі, Құрметті теміржолшы, Ленин орденінің, «Құрмет белгісі» және басқа да мемлекеттік наградалардың иегері, 1980 жылдан бастап Целиноград қаласының Құрметті азаматы атанған Галина Николаевна Заковыринаны ерекше ықыласпен еске алады.
Мектеп өз түлектерімен мақтанады. Олардың қатарында — ғалымдар мен жоғары оқу орындарының оқытушылары, әскери қызметкерлер мен теміржолшылар, өнер саласының өкілдері, дәрігерлер мен мұғалімдер бар. Олар мектеп туралы ең жылы естеліктерін «Мектептің 70 жылдығына арналады…» атты кітапта жариялаған.