
Республика күні — еліміздің тарихын, құндылықтарын және болашағын дәріптейтін маңызды мереке. Осы күні ұрпақтарды байланыстыратын, шабыт беретін және жаңа дүниелерді тануға көмектесетін кітапты бір-бірімізге сыйлай аламыз.
«Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны аясында кітап оқуды және кітап сыйлау мәдениетін насихаттауға бағытталған «Саған кітап арнадым» акциясы басталады.
Акцияның идеясы өте қарапайым: Республика күніне орай жақын адамыңа кітап сыйла, оған жылы лебізіңді жаз және осы сыйлығың туралы әлеуметтік желіде бөліс.
Акцияға марафон қатысушылары, оқушылар, студенттер, мұғалімдер, ата-аналар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, жоба амбассадорлары және барлық ниет білдірушілер қатыса алады.
Сыйға берілген әрбір кітап — зерделі ұлтты қалыптастыруға қосылған шағын үлес.
Қатысушы не істеуі керек?
-
Кітап таңдау. Жаңа кітапты немесе өз кітапханаңдағы жақсы сақталған кітапты сыйлауға болады. Мүмкіндік болса, «Кітап оқитын ұлт» марафонының кітаптар тізіміндегі шығармаларды таңдаған жөн.
-
Жылы лебіз жазу. Кітаптың алғашқы бос бетіне немесе ішіне салынған ашықхатқа кітапты кімге және кімнен сыйға беріп жатқаныңды, сондай-ақ неліктен дәл осы кітапты таңдағаныңды жаз.
-
Кітапты сыйлау. Оны жақын адамыңа, досыңа, әріптесіңе, сыныптасыңа немесе курстасыңа жеке табыста.
-
Әлеуметтік желіде бөлісу. Кітаппен түскен фотосуретті немесе қысқа бейнероликті жарияла. Кітапты кімге сыйлағаныңды және не себепті таңдағаныңды қысқаша айтып, марафонның ресми парақшасы @kitap_oqityn_ult аккаунтын белгіле және мына хэштегтерді қолдан: #CағанКітапАрнадым #КнигаДляТебя #BookForYou #Republicday
-
Эстафетаны жалғастыру. Достарыңды, әріптестеріңді және таныстарыңды Республика күніне орай кітап сыйлауға шақыр.