Республика күні — еліміздің тарихын, құндылықтарын және болашағын дәріптейтін маңызды мереке. Осы күні ұрпақтарды байланыстыратын, шабыт беретін және жаңа дүниелерді тануға көмектесетін кітапты бір-бірімізге сыйлай аламыз.

«Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны аясында кітап оқуды және кітап сыйлау мәдениетін насихаттауға бағытталған «Саған кітап арнадым» акциясы басталады.

Акцияның идеясы өте қарапайым: Республика күніне орай жақын адамыңа кітап сыйла, оған жылы лебізіңді жаз және осы сыйлығың туралы әлеуметтік желіде бөліс.

Акцияға марафон қатысушылары, оқушылар, студенттер, мұғалімдер, ата-аналар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, жоба амбассадорлары және барлық ниет білдірушілер қатыса алады.

Сыйға берілген әрбір кітап — зерделі ұлтты қалыптастыруға қосылған шағын үлес.

Қатысушы не істеуі керек?

  1. Кітап таңдау. Жаңа кітапты немесе өз кітапханаңдағы жақсы сақталған кітапты сыйлауға болады. Мүмкіндік болса, «Кітап оқитын ұлт» марафонының кітаптар тізіміндегі шығармаларды таңдаған жөн.

  2. Жылы лебіз жазу. Кітаптың алғашқы бос бетіне немесе ішіне салынған ашықхатқа кітапты кімге және кімнен сыйға беріп жатқаныңды, сондай-ақ неліктен дәл осы кітапты таңдағаныңды жаз.

  3. Кітапты сыйлау. Оны жақын адамыңа, досыңа, әріптесіңе, сыныптасыңа немесе курстасыңа жеке табыста.

  4. Әлеуметтік желіде бөлісу. Кітаппен түскен фотосуретті немесе қысқа бейнероликті жарияла. Кітапты кімге сыйлағаныңды және не себепті таңдағаныңды қысқаша айтып, марафонның ресми парақшасы @kitap_oqityn_ult аккаунтын белгіле және мына хэштегтерді қолдан: #CағанКітапАрнадым #КнигаДляТебя #BookForYou #Republicday

  5. Эстафетаны жалғастыру. Достарыңды, әріптестеріңді және таныстарыңды Республика күніне орай кітап сыйлауға шақыр.